Шаһар басшысы Асылбек Шәменов халыққа қызмет көрсететін «Қызылорда су жүйесі» МКК мекемесіне келді.
Шаһар басшысы қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралап «Қызылорда су жүйесі» МКК мекемесіне ат басын тіреді.
«Қызылорда тазалығы» ЖШС шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылорда су жүйесі» МКК-мен қосылу жолымен қайта ұйымдастырылды.
Біріккен кәсіпорында барлығы 1157 адам жұмыс істейді. Қызылжарма және Қызылорда жер асты су кені арқылы күнделікті 61 ұңғыма арқылы тәулігіне 71,6 мың текше метр ауыз су өндіріліп, тұтынушыға таратылады. Алайда, тұтынғанына төлем төлемейтін тұрғындар саны артып, мекеменің материалдық-техникалық базасының жаңаруына нұқсан келтіріп, жұмысшылар жалақысының кешеуілдеуіне әкеліп соғуда.
Кәсіпорынды аралаған қала әкімі жауапты басшыларға қарызды қайтарудың басқа тәсілдерін ойластыруды, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін айтты. Жаз айларында көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарына ауыз судың толық баруын қамтамасыз етуді тапсырып, бақылаушылардың жұмысын күшейтуді міндеттеді.
Қала әкімі «Қызылорда тазалығы» мекемесінде де болып, мұндағы машина-техникалық базасының бүгінгі жай-күйін көрді. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, теңгерімдегі техникалардың 70 пайызы іске жарамсыз. Қолдағы бармен шаһардың күнделікті тазалығын ретке келтіру қиынға соғуда.
Шаһар басшысы жаңадан арнайы техникалар алу мақсатында облыс әкімінің қолдауымен қаржы бөлініп, аталған кәсіпорынға жақын күндері жаңа техникалар келетіндігін жеткізді.